Семей полигоны - Білім және ғылым - Каталог статей - Сабақтар, презентация, флипчарт, ҰБТ, МАБ, Рефераттар
Дүйсенбі, 05.12.2016, 01:24
Приветствую Вас Қонақ | RSS
Главная | Каталог статей | Регистрация | Вход
Сайт мәзірі
Бөлімдер
Менің мақалам [2]
Білім және ғылым [7]
Әдістеме [6]
География мұғалімдеріне әдістемелік көмек. сізде материал жібере аласыз!
Корзина
Ену

Ілмектер
Полигон ҰСТАЗДАР күні! жер cпорт математика Тест Алғашқы әскери дайындық мұғалім сабақ 5-11 сынып химия ұстазға көмек Өзін-өзі тану http://yadi.sk/d/7MPPn7vq08uSd информатикадан сабақ жоспарлары Сабақ жоспар сабақ жоспарлары поурочные планы по физике Астана қысқа мерзімді жоспар омж 7 сынып Географиядан кыска мерзімді жоспар әліппе орта мерзімді жосп әдебиеттік оқыту ашық сабақ 11 СЫНЫП ҚҰҚЫҚ 9 СЫНЫП ҚҰҚЫҚ адам қоғам ЖОСПАР орта мерзімді жоспар құқық планы на казахском языке арзан сабақ жоспар сату информатикадан кембридж бағдарламасы сабак жоспар 5 сынып 5-9 сынып поурочный план сабак жоспарлар ЕНТ Бастауыш сынып Желтоқсан көтерілісі Тәрбие сағат Тарих ҰБТ Қазақ тілі 20 жылдық МАБ Күнтізбелік жоспар география 12-жылдық Абай Онлайн электронды сабақ ЭКОЛОГИЯ Тәрбие ұстаздар күні туризм Бақылау жұмысы Қазақстан тарихы «Квадрат теңдеулер» биология Сабақ жоспарлар оқушы мектеп ұстаз жоспарлар ашық сабақтар физикадан сабақ жоспары 5 сынып Қазақстан тарихы сабақ жосп технология пәнінен сабақ жоспарлары 6-7 сыныптан технологиядан сабақ жо 8 сыныптан технологиядан сабақ жосп 9 сыныптан технологиядан сабақ ж 5 класс поурочные планы по физике 7 класс 10-10 класс 8 класс 9 класс 6 класс жүктеу кыска мерзимди жоспарды жуктеу қысқа орта мерзімді жоспар 1 сынып дүниетану сабақ жоспарлар сайты 10 СЫНЫП ҚҰҚЫҚ информатика қмж Ілмек: орта мерзімді жоспар БИОЛОГИЯ ОРТА МЕРЗІМДІ 6 сынып Қазақ тарихы 7 сынып тарих 8 сыныптарих по истори
Іздеу
Заработок на сайте
Күнтізбе
Мұрағат
Сауалнама
Шағын чат
Сайт достары
  • Ашық сабақ сайты
  • Биология пәнінен сайт
  • АӘД пәнінен сайт
  • Физиктерге арналған блог
  • Информатиктер сайты
  • Қазақша рефераттар
  •  
  • Мәлімет

    Онлаинда 1
    Қонақтар 1
    Пайдаланушылар 0


    .
    Главная » Статьи » Білім және ғылым

    Семей полигоны

    Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1991 жылы 29 тамызда Семейдегі атом полигонын жабу турасындағы Жарлыққа қол қойғанына да, міне, жиырма жыл толады. Бұрынғы Семей атом полигонының ел мен жерге тигізген зардаптары туралы БАҚ-тарда аз жазылып жүрген жоқ. Әйтсе де, оны егемендік алған еліміздің қай халық өкілі болмасын естен шығармауы тиіс. Семейдегі Радиациялық-экологиялық ғылыми орталықтың және басқа да ғылыми деректерге сүйенсек, сынақ тоқталғанға дейін жалпы Кеңестер Одағында 670-тей ядролық жарылыс жасалған. Мұның 95 пайызы Семей атом полигонында өткізіліпті. Сынақ 1964-1965 жылдардан бастап қана жерасты шахталарына көшірілген. Ал 1949 жылдың тамызынан бастап жер үстінде, ауада жүргізіліп келген.

     

    Сынақ алаңының  зардабы

     

    Ресми түрде тіркелген сынақтар саны – 124. Бірақ кейбір мұрағаттық құжаттарға қа­расақ, бұл алдамшы мәлімет сияқты. Шындығында, тек кейінгі жылдарда ғана полигонда 345 жерасты сынағы болғанға ұқсайды. Олар қазіргі Абыралы мен Саржал маңайындағы Дегелең тауының қойнауында терең шахталарда жүргізілген. Полигонда жарылған 600-ден астам сынақтың 467 бомбасының зарядының күші тіпті белгісіз, құпия күйде. Оны жүргізгендер Мәскеу асып кеткен. Бұған қосымша кейбір термоядролық қарулардың сыналғандығы туралы деректер де бар.

     Жетпісінші жылдарға дейін зарядтар салынған штольнялар мен скважиналардың түптері мен шығар ауыздары дұрыстап бетон қақпақтармен жабылмапты да. Соның салдарынан улы инертті газдар, ауыр металдар, басқа да радиациялық заттар жер бетіне жайылған. Мұны мамандардың өздері де жоққа шығармайды. Сынақ кезінде бөлініп шығар зиянды ауыр металл изотоптарының ең қауіптілері – «Стронций-90», «Плутоний-238», «Цезий-137», тағы басқалары. Мәселен, стронцийдің ұсақ микробөлшекке айналып, қоршаған ортаға зиянсыз күйге енуі үшін 56 жыл керек екен. Ал цезийге – 30, плутонийге – 2100 жыл қажет. Бір ғана жарылыс өткізуде осындай он мыңдаған изотоптар мен қосындылардың пайда болатынын ескерсек, барлық сынақтан кейінгі жеріміздің, ел-жұртымыздың денсаулығын ойлап көріңіз. Осыншама сынақты қойнына тығып жатқан қара жер қойнауының әлі алда не әкелерін кім білсін?! Бұл жақта сирек те болса өтетін жер сілкінісінің өзі күдікті мың еселей түседі.

     Қазақ – көнбіс те шыдамды халық. Әйтеуір, қу жанын шүберекке түйіп алып, атам заманнан бері мекен етіп келе жатқан атажұртын тастап кетер емес. Қайнар – (Абыралы) полигоннан 120-ақ шақырым, Саржал (Абай) бұдан да жақын жерде, Абыралы ауданы қайта ұйымдастырылғанда, полигон түбінен тағы екі шаруашылық ірге тепті. Оған әдейі істегендей Моңғолиядан келген қандастарымызды көшірдік. Олардың көпшілігі бір жылға әрең шыдап, ауруға шалдыға бастаған соң көшіп кетті. Тек туған жердің тұрғылықты момын жұрты ғана қозғалар емес.

     Бір кезде қайнарлық қайсар азамат, марқұм Болат Жәкішев ауылында полигон зардаптарынан қайтыс болғандардың тізімін жасап жүрген. Ол қайтыс болғалы он жылдан асыпты. Оның сол кездегі деректеріне жүгінсек, 1963 жылдан бері қатерлі ісік ауруларынан алақандай Қайнардың өзінде 200-ден астам адам қайтыс болған. Жиырмадан астам қыз-жігіт өзіне-өзі қол жұмсап, 18 адам ақ қан ауруынан қайтпас сапарға аттанған.

     Жарма ауданының «Қалбатау» ұжымында тұрған марқұм Мүтән Аймақов та – сол кездің куәгері. «Қайнар» синдромын көзімен көрген адам. 1953 жылы 12 тамызда тұңғыш сутегі бомбасын сынау кезінде Қайнар ауылында 42 адам әдейі тәжірибе үшін қалдырылған. Бұл күнде солардың бірде-біреуі жер басып тірі жүрген жоқ.

     Көршілес Саржал ауылының да түпкілікті тұрғындарының айтуынша (кейбір мұрағат құжаттары растайды), осы ауылда 200-ге таяу адам қатерлі ісік, тағы басқа ауыр металдар туғызған науқастардан қайтыс болған. Мұнда ауруханада 1962 жылдан бері радиация зардаптарынан қайтыс болғандардың да тізімі жасалыпты. Оқи бастасаң жаның түршігіп, жағаңды ұстайсың! 1962 жылдан бері Саржалдың 70-тен астам адамдары өзіне-өзі қол жұмсаған, мұның басым бөлігі он екіде бір гүлі ашылмаған бозбала мен бойжеткендер еді.

     Иә, өзекті өртеген өкініш осымен тынбапты. Сол ауылдағы дәрігерлердің айтуынша, қазір мұндағы әрбір жас балада қан жетімсіздігі, жүйке ауытқушылық, көз ауруы сияқты ауыр дерттерге шалдығушылық факторлары байқалады. Саржал ауылының 300 адамы радиологиялық диспансер есебіне тіркелген. Медициналық тексеруден өткенде 1083 адамның 500-ден астамының денсаулығында түрлі ауытқушылықтар анықталған. Ауылдағы орта мектептің 800 оқушысын тексеруден өткізгенде, төрт жүзден астамынан қатерлі ісіктің белгілері байқалған. Әр үш баланың бірі көз жанары ауруымен ауырады.

     Радиациялық сәуле алу кесірінен бұрын естіп-білмеген сұмдықтарды көру пешенемізге жазылыпты. Мәселен, Қарауылда бір әйел босанып, қол-аяғы жоқ, басында екі көзі мен аузы ғана бар мутагенді жан иесін дүниеге әкелген. Мұндай бір қолы, бір аяғы жоқ, не аяқ-қолы істемейтін, не саңырау, мылқау болып туған кемтар балалар Саржалда, Қайнарда әлі де жиі кездеседі. Осындай кембағал жан, суретші, қарағандылық Күйіковтің есімі, кескіні қазір бүкіл әлемді шарлап кеткен.

     Жалпы, Семей өңіріндегі полигонға жақын бұрынғы бес аудан халқының денсаулық жағдайын сараласақ, жүйке ауруына шалдыққандар саны (1995 жылғы деректер) – 1650-ге таяу, ақыл-ойы кемтарлар 4700-ге жетіпті. Ал 3700 адам жүйке тамыры ауруына шалдыққан. Әсіресе, екі әйелдің бірінде тамақ бездерінің ауруы асқынып қабынуы, ауруға шалдығушылардың иммунитеттері нашарлығы байқала бастаған. Республика бойынша орташа жас ұзақтығы ерлерде – 59, әйелдерде – 62 жас болса, полигон аймағына жататын аудандарда ерлерде – 52-55, әйелдерде 58 жас күйінде қалып келеді.

     1995-2000 жылдары бұрынғы Семей облысында туғандар санынан өлгендер саны басым түсе бастауы дабыл көтерерлік жағдайдың босағадан аттағанын көрсетеді.

     1990 жылдан бастап полигон маңайындағы бес аудан халқы медициналық тексерулерден жыл сайын өтіп келсе, бұл жұмыс қаржы жетіспеушілігінен 1992 жылдан тоқтатылған. Ал қолда бар мәліметтерге жүгінсек, полигон маңайындағы 100 мыңнан астам ауыл тұрғындары 100-ден 200 бэрге дейін радиациялық сәуле алғандығы мәлім болып отыр. Ол «Қайнар синдромы» деген атпен құпия түрде Мәскеудегі әскери ведомствоға жинақталған. Осы медициналық тексерулерді сол кездегі Кеңес Одағына мәлім радиолог-ғалым А.Ф.Цыб басқарып келген. Кезінде осы ғалымның медициналық комиссия сараптамасы баспасөзде жарияланды. Оны негізгe алсақ:

     – полигондағы атом сынақтары болған аймақта тұрғандардың қанында қызыл түйіршіктер азаюы (ақ қанға айналуы), хромосомдық өзгерістер 4-5 есеге артқан;

     – 1970 жылмен салыстырғанда әр тұрғынның орташа жасы үш жылға қысқарған;

     – медициналық тексеруден өткендердің 45-50 пайызының организмдерінде ауруға қарсы тұрушылық (иммунитеті) төмендеген;

     – 1969 жылмен салыстырғанда ақ қан ауруымен науқастанып, қайтыс болушылар саны үш есе көбейген;

     – полигонмен жапсарлас тұрған аудандарда туған балалар арасында ақыл-ойы кемістер сол кездегі Одақтық көрсеткіштен (әр мың адамға шаққанда) бес есе көп;

     – әр мың адамға шаққанда осы бес ауданда қатерлі ісік аурулары 445-460 адамға жеткен;

     – екіқабат әйелдердің науқастануы, түсік тастауы, үш әйелдің бірінің басындағы қасірет, тағысын-тағылар, айта берсең таусылмайды.

     Кеңестер Одағының әскери ведомствосы қолмен туғызған сорақылық, қылмыскерлік 40 жыл бойы Қазақстанның ең құйқалы өңірінде үнсіз қырғын ұйымдастырып келген. Біздің бағымызға орай, Радиологиялық зерттеу орталығының бас дәрігері В.Гусев семейлік болды. Ол республикамыз тәуелсіздік ала салысымен, көптеген құжаттардың көшірмесін алып қалып, жантүршігерлік жағдайлардың бетпердесін ашты.

     Атом сынақтарынан кейін пайда болатын 600-700 микрорентген бүкіл тіршілікті жояды. Ал 300-400 рентген дозасын бойына сіңіргендер ақ қанға шалдығып, аз уақыт ішінде өмірмен қоштасады. Радиологиялық орталық дәрігерлерінің зерттеуінше, бұрынғы Семей облысы, көршілес Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Алтай өлкесі тұрғындарының көпшілігі 25-30 бэр, кей аудандарда 40 бэрге дейін залал шеккен көрінеді. Мұндай сұмдықтың растығын Семей жеріне келіп, радиациялық деңгейді өлшеп жүрген ғалымдар да аракідік айтып жүр. Мәселен, семейліктер ішіп жүрген қымызда стронций нормадан 28 есе көптігі, ет, сүт, бау-бақша өнімдерінде басқа да ауыр металдар құрамы аз еместігі енді-енді анықталуда. Осындай жағдай Ертіс пен Шаған суларынан ауланған балық түрлерінде де байқалуда.

     Бұрынғы Кеңестер Одағының әскери ведомствосы Қазақстанда 20 миллион гектар жерді әскери сынақ алаңдары үшін бауырына басқан екен. Соның 2 миллион гектары Семей полигоны төңірегіндегі сынақтар алаңына жатқызылған. Осы алқапқа, полигонға жапсарлас аудандардың жері мен еліне сынақтардан қандай зиян келді? Кейбір шетелдік басылымдардың, әсіресе, америкалық және жапондық ғалымдардың деректері бойынша, Семей өңіріне атом сынақтары салдарынан келген зиян мөлшері 45-50 миллиард доллар көрінеді.

     Күні кеше Ресей Кеңестер Одағының жалғыз мұрагері ретінде барлық әскери қуатты қаруды өзі жеке иемденіп кетті. Тіпті стратегиялық атом қаруымен жарақтанған бірнеше полкті де жеке-дара меншіктеніп, өз аумағына көшіріп алды. Ал күні бүгінге дейін Кеңестер Одағының осы мұрагерлеріне атом полигоны зардаптарын жою жөнінде талап қоймауымыз неліктен? Қаржылай көмек бере алмағанның өзінде, ағаш, мұнай, энергетикамен қараса алады ғой.

     Атом полигоны зардаптарынан қайтыс болғандардың толық тізімін жариялайтын «Қаралы кітап» шығаруды да қолға алатын мезгіл жетті.

     Келешекте сынақ өткен жерлерді цеолит араласқан топырақпен өңдеуді осы бастан ойластырғанымыз жөн. Өзіміздің облыста Тарбағатай ауданында цеолиттің мол кен орыны бар. Полигонды, сол маңдағы елдімекендерді, атқарушы органдар мен медициналық орындарды гейзер, дозиметрлермен қамтамасыз еткен ләзім. Әлі күнге дейін полигон аймағындағы радиациялық деңгейдің картасы көпшілік қолына берілмеуі де зардаптарды молайта түсуде. Қай жерлерде тіршілік етуге болады, қай жерлер қауіпті, оны халық білмейді. Радиациялық қауіпті аймақтардағы торлар алынып тасталған, мал жаюшылар, түрлі-түсті металл сынақтарын іздеушілер ол жерлерде еркін жүреміз деп, кенеттен қайтыс болуда.

     Чернобыль апаты кезінде зардап шеккен отбасындағыларға ақшаның құнды кезінде – 120 мың сомнан қаржы бөлінгені мәлім. Ал Қазақстан үкіметі қаражат жетімсіздігін сылтауратып, полигон зардаптарын жоюға байланысты жеңілдіктерді уақытша тоқтатып тастады. Семейде бір кезде ядролық сынақтар зардаптарын жою үшін облыс басшысы К.Бозтаевтың тегеурінімен 18 медициналық әртүрлі емдеу орталықтары іске қосылған-ды. Қазір көпшілігі біріктіріліп, кейбіреулері жекешеленіп кетті. Қалай болғанда да, Семей полигоны аймағындағы халық тағдырын естен шығармай, оларға әлеуметтік, экономикалық жеңілдіктер жасау, дамыту – елдігімізге сын.

     Қазақстан мемлекеті бейбіт кезеңде халқымызды үнсіз қырғынға ұшыратқандарды тегіс Гаагадағы халықаралық сотқа беруі тиіс. Сонда ғана әділеттік орнап, өлі де, тірі де риза болмақ.

     

    Полигон аймағы қонысқа жарамды ма?

     

    Кеңестер Одағының елуінші жылдардағы басшылығы ядролық қаруды сынау алаңын Семей өңірінен таңдауында арам жымысқы саясат болғанын жасырып қайтеміз. Екі млн. гектардан астам полигон аймағына жатқызылған жер үш облыс көлемінен, Семей, Павлодар, Қарағанды өңірлерінен кесіп алынған болатын.

     Онда жер үсті, әуеде, жер астында қанша ядролық бомбалар жарылғанын жоғарыда баяндап өтсек те, Елбасы Н.Назарбаевтың: «Полигонда барлығы 456 ядролық сынақ жүргізілген. Оның барлық қуаты Хиросимаға тасталған бомбадан 2,5 мың еседен де күштірек» деп айтқан мысалынан анық байқай аламыз.

     Ядролық сынақтар жүргізілу үшін Семей облысының Абыралы ауданы жабылып, Абай ауданының көп жерін полигон бауырына басты. Павлодар облысынан Май ауданының үштен бір аумағы, Қарағанды облысынан бес елдімекен жабылып, халық босып, басқа елдімекендерді паналауға мәжбүр болды. Әсіресе, Семей өңіріндегі Абыралы ауданын жабу халыққа моральдық, материалдық жағынан ауыр соққы болды. Бұл үнсіз қырғынды Сталин бастаған қанішерлер қазақ халқына қасақана жасады. Себебі бір кездері Сталиннің өзін салиқалы пікірлерімен тұқыртқан М.Шоқай, А.Байтұрсынов, С.Смағұлов, Ә.Бөкейханов және т.б. алашордашылар осы Семейде тұрып, тәуелсіз қазақ елін жариялап, Мәскеуге барып, пікірлерін дәлелдеген. Ленин бастаған коммунистер ол пікірлерге құлақ асып, Қазақстанды автономиялық республика деп жариялатып, шекарасын белгілеп берген. Оның ар жағындағы туған жер, тарих қойнауына үңіле түссең, бүкіл Еуразияны жаулаған Шыңғысхан ақ киізге көтерілсе, биік жотаға отырғызған Шыңғыстау да Абай ауданында деген ақпарат бар. Кейін ол Наймантау атанғаны да белгілі, бірақ қазір бұрынғы атауы қалпына келтірілді. Бір деректерде Шыңғысхан орыс пен Еуропа жеріне әскер жіберіп жаулап аларында осында хан кеңесін өткізгені мәлім дейді. Содан жорық бастау алып, Ресейдің бүгінгі бүкіл аймағының басым бөлігі үш ғасыр моңғол езгісінде болған көрінеді.

     Міне, осыған шамданған Сталин бастаған отаршылдар тобы қайткенде де Семей өңірінің атын тарихтан өшіруге тырысып, топырағын күл, әйелі мен еркегін құл етуді көздегенін жасырып қайтеміз. Әйтпесе, Ресейде бүкіл адам аяғы баспаған жер болмады дейсіз бе, анау Қиыр Солтүстіктегі «Жаңа жер» сияқты адам мекендемеген елдімекендер неге таңдалмаған?!

     Бірақ қанқұйлы басшылар мен қосшыларының ойлағанын Жаратушы Ием болдыра қоймады. 1949-1989 ж.ж. 40 жыл қырғын жасаса да қазақты радиация ала алмады. Қазақтар Американың Невада штатындағы үндістерден де өміршең, төзімді екенін әлемге паш етті. Онда полигон зардаптарынан жапа шеккен әр отбасына жылына – 100 мың доллар көмекақы беріп отырса, Семей Кеңестер Одағы мен оның мұрагері Ресейден көк тиын да алған жоқ.

     Таяуда баспасөз беттерінде «бұрынғы Семей полигоны аймағында орталығы Курчатов қаласы боп жаңа аудан құрылады екен» деген әңгіме болды. Сол деректерге сүйенсек, полигонның құрамына жататын жердің 95 пайызы халық шаруашылығына жарайды екен. Бұған қазақтың Ұлттық ядролық орталығы ғалымдары кепілдеме беріп отыр дейді. Осы хабар Астанаға жетісімен Мәжілістің 50 депутаты қол қойып, Үкіметке сауал қойып, бұлай жасауға болмайтындығын айтты.

     «Полигонның табиғатқа, тіршілікке әсері төмендеуі үшін әлі кемінде үш ғасырдай уақыт керек» дейді депутаттар мен ғалымдар. Мәселен, «плутоний-240», толық ыдырап кетуі үшін 6500 жыл қажет, ал «плутоний-239»-ға 2100 жыл, ал «плутоний-241» ыдыраған кезде жаңадан альфа-сәуле пайда болатындығын Курчатовтағылар елемей отыр. Ядролық полигон зардаптарына ШҚО-ның 1,5 млн. тұрғыны ұшыраған. Мемлекет тарапынан біржолғы өтемақы төленгенімен, басқа жеңілдіктер алынып тасталған. Қазір облыстағы 700 мың тұрғын полигон туғызған аурудан аурухана, емханаларға тіркелген. Әсіресе, рак, қан айналымы, көз, буын аурулары өте жоғарғы деңгейде.

     Радионуклеидтер жерасты суларымен полигон маңындағы өзендер мен бұлақтарға құйылып, қоршаған ортаға зиян әкелуде. Оған мысал, өткен жылы Шаған өзенінде болған апаттық жайды айтуға болады. Шаған өзеніне тәжірибе алаңынан (опытное поле) бірнеше бұлақтар құяды екен. Ядролық орталықтың ғалымдары Шаған өзеніне суға түспеуді, мал апарып суармауды айтып, дабыл көтерді. Себебі өзен суында көп мөлшерде тритий бар боп шықты. Ғалымдар зерттеуі бойынша, Шаған суындағы тритий табиғаттық деңгейінен жүздеген есе асып кетіпті. Ал тритий адам ағзасында сумен барып 10 тәулікке дейін сақталса, радиацияға ұшыратып, айықпас дертке соқтырады. Шаған өзені бойындағы осы аттас көлге балық аулауға, жағасында демалып, суын ішуге тыйым салынған. Бұл – кезінде бомба түскен жерде пайда болған, ұзындығы 500 метрдей, ені 100-120 метрдей, тереңдігі 40 метрден астам болатын жасанды көл. Бұған жан-жағынан бірнеше бұлақтар құяды. Бұл көлдің маңайында ешқандай құс ұшпайды. Жергілікті адамдар ол көлді «Атом көлі» деп атайды. Ал балық бар, ірі-ірі болып келеді. Семейдің кейбір балықшылары «Атом көліне» барып, ау салып, балықтарын Зайсандікі деп базарларда сатып жүр, тритий жерасты суларымен бүкіл Шаған өзенін лайлап, Қара Ертіске құйып жатыр. Ал Ертістің сол тұсындағы су деңгейіндегі қауіпсіздік мәселесі қандай, ешкім бас ауыртып отырған жоқ. Шаған, Долон, Бөдене елді аймақтарындағы халық Ертіс өзенінің суын қауіпсіздік жайын ойламастан пайдаланады.

     Ал Ядролық орталық ғалымы Сергей Лукашенко пікірі бойынша, тритий «Опытное поле» маңайындағы «Балапан» сынақ-тәжірибе алаңынан келіп жатыр. Онда жерасты сынақтарының үштен бірі болған. Қазір бір бүйірінде бүкіл облысқа көмір өндіретін «Қаражыра» кеніші бар. Қазіргі аз айтылып жатпаған көмір сапасыздығын да содан ба деген ой келеді. Өйткені көмір құрамында күл көп кездеседі. Ал көмір неге тексеріліп, «қауіпсіз» деген белгі соғылмайды. Ертең-ақ көмірден бір пәле шықса, кім жауап береді?

     Міне, осындай үнсіз жатқан аждаһаның көп залалды апанын халық шаруашылығына беру қандай ақылға сыяды?

     Ал күні кеше ғана Абыралы өңіріне Моңғолиядан көшіп келген 200-ден аса отбасымыз қайда? Әрине, олар Қайнарға, т.б. жерлерге көшіп келгенде үнсіз ажал құшып жатқан отбасыларын көзімен көріп, тірідей мақұлық болып туғандардан шошынып, көпшілігі баяғыда-ақ Талдықорған, т.б. аймақтарға қоныс аударып кеткен. Ал туған өңірінен көшпей отырған – жергілікті тұрғындар. Аждаһа күнделікті түрде үнсіз жалмап жатса да, жанын шүберекке түйіп, тағдырдың жазғанын көруге даяр отыр. Полигон жерін халық шаруашылығына қайтарып, жеке аудан ашу жөнінде мәселе қозғалып жүр. Оны тұрғындар да құптайды. Абыралы ауданын қалпына келтіретін қоғамдық топ жұмыс істеп, Астанаға дейін барып келген.

     Бірақ осы аудан кейін өзін-өзі асырай ала ма? Оған ешкім басын ауыртқысы келмейді. Айтатын уәждері: «Абай ауданы өмір сүріп жатқанда, Абыралы неге аудан болуға тиіс емес» дейді.

     Тіпті өткен жылы Астанадан Курчатовты аудан етіп құрмақ комиссия тобы Қайнар ауылына барғанда бір топ ақсақалдар плакат көтеріп шығып, «аудан орталығы – Қайнар, аудан аты – Абыралы делінсін» деп ұрандатқаны белгілі. Ал енді бір зиялы топ Курчатов қаласына атом полигонын жапқан Елбасы Н.Назарбаевтың атын беріп, Дегелең ауданы (жанында Дегелең станциясы бар) деп атау керек деген ұсыныс айтады.

     Қалай десек те, полигон жеріне оралмандарды тоғытып, халықты көшіру дұрыс саясат емес. Жоғарыда айтқан «Балапан» учаскесі – мысал ғана.

     Радиациялық қауіпті жерлер Абай ауданының Саржал елдімекенінен – 15-20 шақырым, ал Курчатов қаласынан – 60-65 шақырымда. Осы учаскенің 36 шаршы шақырымында кезінде 23 ядролық жарылыс жасалған. Олардың басым бөлігі термоядролық жарылыстар, күші 165 килотоннаға дейін жеткен. Бұл – ресми мәлімет. Осы топырағы күлге айналған плутоний мен басқа да улы радиацияға толы жерді басып жүру, ол – тіршілікпен қоштасу екенін ғалымдар ескерткенімен, жерді сатып, темір-терсектерді Қытайға асырып пайда тапқысы келетіндер құлқыны қоғамдық пікірді жеңіп кетсе қайтеміз? Осы «Атом көлі» мен «Балапан» учаскесінен әрқайсысы 5 шаршы шақырымды ғалымдар мүлде жабу керек деп есептейді. Полигон жерлерін халық шаруашылығына беру үшін топырақ қыртысы цеолит тыңайтқышымен өңделуі қажет. Ондай іс кезінде Чернобыльде атқарылған болатын.

     Үкімет басшысы К.Мәсімовтің депутаттарға берген жауабында еліміздің Ұлттық ядролық орталығы ғалымдарына тапсырма берілгенін, сол бойынша полигон аймағы үш бөлікке бөлініп (радиациялық қауіпсіздігі бойынша) отырғаны айтылған.

     Оның біріншісі – «Опытное поле» шағын көлі аймағы – халық шаруашылығына пайдалануға берілмейді. Ал екіншісі – Қайнар маңы, Павлодар, Қарағанды облысы шекарасындағы Курчатов маңайы залалсыздандырылғасын, ауыл шаруашылығына пайдалануға жарамды деп Ядролық ұлттық орталық ғалымдары қорытынды шығармақшы. Ядролық ұлттық орталық ғалымдарының бұл тұжырымдамасына қалың бұқара қатты алаңдауда. Сол себепті жоғарыдағы дәлелді жайттарды ескере отырып, бұл мәселеде ақырғы нүктені қою әлі ерте екенін хабарлаймыз. Сондай-ақ аталған жерлерде аудан ашу мәселесін арнайы қоғамдық комиссия негізінде саралап, нақты тұжырымды содан кейін шығару қажет.

     

    Сүйеубай Байқадиұлы,

     Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, журналист

     

    Семей-Қайнар-Саржал-Семей


    http://adyrna.kz/?p=3446 

     

    «Ана тілі».

    Категория: Білім және ғылым | Добавил: География (25.09.2011)
    Просмотров: 4486 | Теги: семей, Полигон | Рейтинг: 0.0/0
    Всего комментариев: 0
    Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
    [ Регистрация | Вход ]
     Copyright MyCorp © 2016