Кеше Алматыдағы Оқушылар сарайында Тәуелсіздік күні құрметіне арналған «Домбыраның күмбірі - халқымыздың бірлігі» атты күй кешінде Қазақстанда тұңғыш рет 600-ден аса домбырашы күйлерді бір мезетте күмбірлетті,деп хабарлайды
Күй кешіне қаладағы жоғары оқу орындары мен музыкалық мектептердің оқушыларынан тұратын 640 домбырашы қатысты. Олар қазақ күйінің құдыретін танытар «Сарыарқа», «Адай», «Қосалқа», «Саржайлау», «Балбырауын» сынды шығармаларды орындады. Сондай-ақ күйшілерге жетекшілік еткен Қаршыға Ахмедияровтың «Күй ұран» атты күйі де тартылды. Қатысушылар алдын ала іріктеуден өтіп, 3 ай бойы дайындалған. Тұңғыш рет ұйымдастырылған шараға арнайы Гиннестің рекордтар кітабының өкілдері де шақырылған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, олар кітапқа енгізу жөніндегі жауапты бір жарым айдан кейін береді.
«Жүздеген домбырашының бір сәтте, бір екпінмен рухты күйлерді орындауы - ұлт ретіндегі даусымыздың бір жерден шығатындығын, бір мүддеге халық болып жұмыла алатындығымызды айқындайды. Домбыраның күмбірі халық мүддесін бір арнаға бұрып, ортақ ойға ұйыстыратын рухани күшке айналатынына сеніміміз мол. Бұл шара жастарымыздың ұлттық сезімін, халқымыздың отаншылдық рухын нығайтуды көздейді», дейді шараны ұйымдастырушы, «Заңғар» шығармашылық бірлестігінің төрағасы Айдар Қырықбай. Оның айтуынша, бұл дәстүрлі түрде жылда ұйымдастырылмақ. «Мақсатымыз - шараға қатысушылардың қатарын арттырып, мыңдаған домбырашыға жеткізу. Биылғы жоба Алматы қаласын қамтыды, келешекте бүкіл ел ауқымын қамтуды көздейміз», деді А.Қырықбай.
«Бүгінгі күй кеші қазақ рухын асқақтатқан кеш болды. Бұл шара үлкен бастаманың басы. Қазақтың бірлігінің негізі - қазақтың күйлерінде. Жоспарда 2000 емес, 20 000 домбырашының басын қосып үлкен концерт ұйымдастыру ойымызда бар», деді күйшілерге жетекшілік еткен Қазақстанның халық әртісі Қаршыға Ахмедияров.
http://inform.kz/kaz/article/2219207